«Жұмысы жоқтық, тамағы тоқтық аздырар адам баласын» демекші, бүгінде екі қолға бір күрек табылатын нарық заманында құр жатуға болмайды. Елдің еңбекпен көркейетінін ескерсек, еңбек адамының қоғамда қашанда орны ерекше, абыройы биік. Халық еңбекке бейім болса, ел ырысқа кенеліп, өзгелермен терезі теңеліп, бақуатты, бәсекеге қабілетті мемлекет болып нығаяды.
Осы орайда елімізде жыл сайын қыркүйек айының соңғы жексенбісінде аталып өтетін Еңбек күнінің маңызы зор. Адал еңбек мұратқа жеткізіп, құрмет биігіне бастайтынын ұғындыру мақсатында Қармақшы аграрлы-техникалық колледжінде «Адамды көркейтетін - еңбек» тақырыбында колледж оқытушысы А.Джумагалиева студенттерге танымдық сабақ өткізді. Мақсаты: адам өміріндегі адал еңбектің маңыздылығын ұғындыру арқылы дұрыс әрекет құндылығының мәнін ашу.
Сабақ барысында Еңбек күнінің қашан қабылданып, қай күні аталып өтетінін, мерекенің мән-маңыздылығы туралы толық мағлұмат бере отырып, «Еңбек ардагері» медаліне кімдер лайық бола алатыны туралы сөз қозғалды. Осылайша еселі еңбектің еленгені қоғамда еңбек құндылығының маңызын арттыра түсетінін айта келе, студенттерге «Еңбек», «Еңбексүйгіштік» деген ұғымдардың адам өмірінде қаншалықты маңызды екенін тағы да атап өтті. Студенттер тақырып төңірегінде сұрақтарға жауап беріп, дұрыс әрекет құндылығының тереңірек ұғынуға, адам еңбек ете отырып, жауапкершілік, еңбекқорлық, төзімділік қасиеттерін бағалап, жақсы өмір сүруге ұмтылу қажеттілігін түсіндірді.