Қармақшы аграрлы-техникалық колледжі тарихы

     

    1959 жылы 30 желтоқсан күні Қармақшы ауданы орталығында № 149 Ауыл шаруашылығын механизациялау училищесі (УМСХ) болып құрылды. Училищені тәжірибелі педагог Уәйс Жансейтов өз бастамасымен құрып, оған Директорлық етеді.

    Ашылған жылы «Кең көлемді тракторист-машинист» мамандығы бойынша оқу контингенті 150 оқушыдан қабылданды. Қазақстаннан тыс Чуваш АКСР-нен «Тың және тыңайған жерлерді игеру» мақсатында оқушылар тартылып, оқытыла бастады.

    Осылайша, жаңа оқу мекемесі жұмыс істей бастады. Дегенмен, оның да өзіндік қиыншылықтары жетіп артылатын.

    Алғашында училище  аудандағы техникалық жөндеу станциясы (РТС) мекемесінің  ғимаратында оқу-тәрбие жұмыстарын бастады.

    Оқу базасын жетілдіруде көптеген орта мектептерден оқу құралдарын алса, өндіріс негізінде Ақжар кеңшарындағы (МТС) ескі  техникаларға (машина, трактор, т.б.) жөндеу жұмыстарын жүргізіп отырды.

    1969 жылы №149 Қармақшы селолық кәсіптік-техникалық училище болып өзгертілді. Училищеде 18 топ жасақталды. «Кең көлемді тракторист-машинист», т.с.с. ауыл шаруашылығы жас кадрлары даярланды.

    1973 жылы оқу контингентінің 420 балаға өсуіне қарай, жаңа оқу корпустарын салу Одақ алдында мәселе етіліп қойылады. Соның нәтижесінде 1974 жылы Қызылорда облысы бойынша тұңғыш жаңа типтік құрылымдағы оқу ғимаратының қабырғасы қалана бастады.

    1998 жылы аталмыш білім ордасы №12 кәсіптік-техникалық мектеп деп аталады.  Нарық талабына сай жаңа мамандық түрлері ашылды.Атап айтар болсақ, «Ауыл шаруашылығының есепшісі», «Ауыл шаруашылығының шебері (фермер)», «Аспазшы», «Ауыл шаруашылығын электрмен жабдықтау және автокөлік жүргізушісі».

    2007 жылы ақпан айында №12 Қармақшы кәсіптік лицей болып атауы өзгертілді. Осы жылдан «ЭЕМ операторы», «Тігінші», «Газбен, электрмен дәнекерлеуші», «Автомеханик» мамандықтары бойынша мамандар даярлай бастады.

    2013 жылдың қаңтар айында «Қармақшы аграрлы-техникалық колледжі» болып аталды. Колледжде 50 инженер-педагог, оның ішінде 8 әкімшілік құрамы, 27 оқытушы, 15 өндірістік оқу шебері жұмыс жасайды.

    2018-2019 оқу жылында 75 студент колледжді 4 мамандық бойынша аяқтап, диплом алып шықты. Барлық 73 студент мемлекеттік тапсырыс бойынша білім алды.

    2019-2020 оқу жылына 5 мамандық бойынша 125 студент қабылданды, оның ішінде 100 студент мемлекеттік тапсырыс бойынша, 25 студент «Нәтижелі жұмыспен қамту және кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы» бойынша.

    Қазіргі таңда колледжде 266 студент білім алуда. Оның ішінде 185 студент мемлекеттік тапсырыс бойынша, «Нәтижелі жұмыспен қамту және кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы» бойынша 81 студент.

    Колледжде  мамандықтар бойынша материалдық- техникалық база  заманауи жабдықтармен жабдықталуда. Оның ішінде,  «Тігінші» шеберханасында 25 тігін машинасы жұмыс жасайды.  «Көліктерді жөндеу шебері» мамандықтарына «Жолда жүру ережесі» кабинеті және «Автомобильдер құралысы» кабинеті жасақталған.                            1 компьютерленген автотренажер жұмыс жасайды. «Электргазымен дәнекерлеуші» біліктілігі шеберханасында 25 дәнекерлеуші аппарат бар. Мультимедия кабинетінде                   25 компьютер жұмыс жасап тұр.